Денсаулық

Түркістан облысының медицина қызметкерлері марапатталды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ желеңді абзал жандарды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов өз кезегінде медицина саласын жақсарту мақсатында еңбек етіп жүрген денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, дәрігерлерді ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Облыс бойынша үздік медицина қызметкерлері атанған конкурс жеңімпаздарына да құрмет көрсетілді. Оның ішінде «Үздік ауылдық дәрігері», «Үздік хирург дәрігері», «Үздік тераевт дәрігері», «Үздік эпидемиолог дәрігері», «Үздік фтизиатр дәрігері», «Үздік инфекционист дәрігері», «Үздік педиатр/неонатолог дәрігері», «Үздік гинеколог дәрігері», «Үздік медициналық ұйым» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.
Айта кетейік, облыста 3 мыңға жуық медицина қызметкері шетелдің үздік клиникаларында оқып, біліктілігін арттырды, оның ішінде 101 қызметкер АҚШ, Түркия, Ресей елдерінде білімін жетілдірді. Биылдың өзінде мамандардың жоғары кәсіби деңгейлерінің арқасында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 6112 және облыстық балалар ауруханасында 5000 ота жасалған.

Емдеу мекемелерінің медициналық құрал-жабдықтары да үздіксіз толықтырылуда. Жуырда Түркістанда «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Соңғы үлгідегі жаңа технологиямен жабдықталған балалар оңалту орталығы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдауда. Шалғай жатқан елді мекендерді 11 медициналық пункттермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша 5506 дәрігер және 19101 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

TuraNews

Back to top button