Қоғам

Түркістан облысында ветеринария саласы қызметкерлеріне 85 көлік тапсырылып, су шаруашылығы өкілдеріне құрмет көрсетілді

Елімізде 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні, ал 10 шілде Ветеринариялық қызметкерлері күні болып бекітілген. Осыған орай Түркістан облысында қос кәсіби мерекеге арналған іс-шара өтіп, еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Алдымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров ветеринария саласының өкілдеріне заман талабына сай жабдықталған жаңа техникалардың кілтін тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жалпы, биыл 85 көлік табысталып отыр.

Одан кейін облыс әкімі салтанатты жиынға қатысып, сала мамандарын құттықтады.

– Құрметті су шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері! Ардақты еңбек ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Сіздер секілді еңбек адамдарының беделін арттыру, қоғамға үлгі ету – дәстүрге айналып жатыр. Бүгінгі басқосуымыз да – осының дәлелі. Түркістан өңірі – агроөнеркәсіптік кешен бойынша республикада көшбасшы өлке. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13 пайызы біздің облысқа тиесілі. Жылына 1 трлн теңгеден астам қаржының өнімі өндіріледі. Су тапшылығының алдын алу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 46 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Нәтижесінде ағын суды 1,5-2 есеге үнемдеумен қатар, өнімділікті 2,5-3 есеге арттыруға қол жеткізілуде. Бұл ретте су шаруашылығы мамандарының еңбегі айрықша. Ал ветеринария саласына келсек, індеттердің алдын алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында ілкімді істер атқарылуда. «Ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөз ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында індеттердің алдын алу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қауіпті індеттер мен зиянкестерге қарсы күрес барысындағы белсенді қызметтеріңізге алғыс білдіремін. Төл мерекелеріңізбен тағы да құттықтай келе, зор денсаулық, еңбекте табыс, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров үздік су мамандары мен ветеринария өкілдеріне марапаттарды табыстады.

Іс-шарада кәсіби мереке иелері ҚР Президентінің ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы», ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Құрмет грамотасы», Түркістан облысы әкімдігі және облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Грамотасына және Алғыс хаттарына, сондай-ақ өзге де марапаттарға ие болды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, Түркістан облысында су шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірде су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатыр. Көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынуда. Су нысандарын «Ислам даму банкі» қаржысын тарту есебінен қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жалпы 25 су қойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу арқылы су нысандарының тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға төмендету көзделуде.

TuraNews

Back to top button