Түркістан облысында “өрт қауіпсіздігі” шарасы өтіп жатыр
Түркістан облысында 2025 жылдың 15 тамы-5 қазан аралығында "Өрт қауіпсіздігі айлығы" іс-шарасы жүргізілуде. Қазіргі таңда қысқы жылыту маусымы дайындығының бірінші кезеңі аяқталды.

Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Қуатбекұлы баяндады.
«Облыс аумағында Төтенше жағдайлар департаменті және қала, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен есепке алынған 34 197 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының 26 563-і араланып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аралау барысында 20 мыңнан астам үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталды. Ең көп анықталатын қателіктер — көбінесе тұрғын үйдегі автономды газ қондырғылары мен жылыту қазандықтарының талапқа сай орнатылмауы, электр жабдықтарының ақаулығы, газосигнализатор құрылғысының орнатылмауы. Өрт қауіпсіздігі айлығының соңына дейін аталған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрғын үйлері толық араланатын болады.
Іс-шара аясында аудан, қалаларда шұғыл және жұмысшы топтар құрылды. Жұмыс тобының құрамында әкімдіктердің, “Қазақ Газ Аймақ”, “Оңтүстік Жарық Транзит” мекемелерінің өкілдері бар. 2024-2025 жылдың жылыту маусымы кезінде тұрғын үйлерде 199 өрт тіркелген. Салдарынан 3 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алды. Бұдан бөлек, улы газдан уланудың 2 жағдайы тіркелген. Салдарынан 3 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алған. Сонымен қатар, облыс аумағында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылуына 30 жыл толуына орай «30 игі іс-шарасы» өткізілуде. Іс-шара аясында Департамент қызметкерлері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қысқы жылыту маусымына пеш ақаулықтарын түзету, мұржаларды тазарту, газосигнализатор құрылғысын орнату және ауладағы құрғақ шөптерден тазарту жұмыстарын жүргізуде»-деп баяндады сала маманы.