БастыСаясатЭкономика

Түркістан облысында мақта, ет және жүгері кластері құрылып, терең өңдеу көрсеткіші ұлғаюда

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

– Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Олар: мақта, ет және жүгері кластері. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді, мақта өсіруден бастап, жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдері өндіріледі. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтіліп отыр. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл пилот ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Түсім өте жақсы болды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынуда. Жуырда іске қосылады. Құны – 35 млрд. теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны – 50 млрд. теңге, қуаттылығы – 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінде «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді.

Оған қоса, Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясы ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысын бастады. Жоба құны – 53 млрд. теңге. Мұнда жылына 48 мың тонна құс еті өндіріледі.

 

 

TuraNews

Back to top button