Түркістан облысында жеке инвестициялар көлемі 1,7 есеге артты
2013 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Түркістан облысында негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Бірқатар салада көрсеткіш жақсара түскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 680,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,7%-ды құрады.
Өңірдің экономикалық дамуы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 13 индикаторды орындау бойынша көш соңында қалған әкімдерге жұмысты ширатуды тапсырды.
– Аудан, қала әкімдері экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы индикаторларды 100 пайыз орындауы тиіс. Жауапты басқарма мен әкімдіктер тығыз байланыста жұмыс істесін. Әсіресе, жаңа жұмыс орындары мен зауыттар, кәсіпорындар ашуға басымдық берілсін. Құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы жұмыстар күшейтілгені жөн. Әр экономикалық көрсеткіштер туралы сандардың артында тұрғындардың, өңірдің әлеуметтік мәселесі тұр, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, бекітілген 13 индикатор бойынша әкімдердің рейтингі шығарылған. Әр сала бойынша тұрақты бақылау жүргізілуде. Жалпы, өңірдегі көрсеткіштер жоспарға сай орындалған.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 802,6 млрд. теңгені, немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8%-ды құрады. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға артты. Инвестиция көлемі 661,6 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда өсім 36,5%-ды құрады. Жеке инвестициялар 469,3 млрд. теңгеге жетті немесе 1,7 есеге артты. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 230,8 млрд. теңгені құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 7,1%-ға артып, 669,4 мың шаршы метр үй тапсырылды.
Апталық мәжілісте өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал да сарапталып, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевтың баяндамасы тыңдалды.
Облыс әкімі өңірдегі күрделі мәселелерді дер кезінде анықтап, шұғыл шешу жолдарын қарастыруды, басшыларға өз деңгейіндегі мәселелерді уақтылы шешуді тапсырды.