Экономика

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынуда

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту аясында көлемі 500 гектардан асатын жылыжай кешені салынады, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Сәуір айында Келес ауданы Бірлік ауылында еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің іргетасы салтанатты түрде қаланды. Өршіл жобаның бірінші кезеңі 2024 жылдың тамызына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Іргелі жобаға жалпы 524 миллиард теңге бөлініп, оның бірінші кезеңіне 51,6 миллиард теңге көлемінде қомақты қаржы құйылды. Осы қаржының 25 миллиард теңгесі 27 гектар алқапты алып жатқан жылыжай құрылысына бөлінген. Жылыжайдаң жылына 225 000 тонна қызанақ алынатын болады.

Жылыжай мега-кешенінің жобасы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық серіктесі «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асырылмақ.

«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі негізінен жыл бойы жабық жерде көкөніс өсіруге маманданған және  қазіргі уақытта Ресейдің бірнеше аймағында жылыжай кешендерін басқарып келеді.

Сондай-ақ, «ЭКО-культура» жергілікті фермерлерге синергетикалық тиімділік үшін агротехникалық қолдау көрсетуді және кадрларды оқыту бойынша оқу орталығын құруды көздеп отыр.

Бұл инвестициялық жоба ауыл шаруашылығының өсуіне және аймақтық экономиканың болашағы мен оның дамуына тың серпін беретін болады.

TuraNews

Back to top button