Денсаулық

Түркістан облысында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа тұжырымдамасы талқыланды

Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндады.

Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.
Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.

— Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, — деді басқарма басшысы.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы айтылды.

 

Түркістан облысы денсаулық сақтау саласы бойынша жетістіктер

Түркістан облысында науқастардың іш қуысы мен бүйрек органдарын, тыныс алу және сүйек жүйелерін диагностикалау үшін 12 медициналық ұйымдарға компьютерлік томография (КТ) құрылғысы 2018-2022 жылдары аралығында бюджет есебінен сатып алынды. Оның ішінде екі облыстық аурухана (облыстық клиникалық және балалар ауруханасы), үш қалалық (Түркістан қалалық және балалар ауруханасы, Кентау қалалық ауруханасы), бес аудандық ауруханаға (Жетісай, Шардара, Сарыағаш, Сайрам, Отырар, Бәйдібек, Ордабасы аудандық ауруханалары) орнатылды.

Түркістан облысының денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жарақтандырылу деңгейін көтеру мақсатында 2022 жылы Облыстық балалар ауруханасына ангиографиялық жүйе, күйікке қарсы жиынтық, Түркістан қалалық ауруханасы мен Сарыағаш және Сайрам аудандық ауруханаларына мобильді ангиография, Сауран аудандық емханасына флюорографиялық сандық аппаратты СК-фармация базасында сатып алынды.

Бұдан бөлек, жалпы сипаттағы трансферттерден медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Жалпы алғанда 2021 жылдың 12 айлығымен (82,2 пайыз) салыстырғанда 2022 жылы медициналық ұйымдардың жарақтандырылу деңгейі 1,89 пайызға (2018 жылмен салыстырғанда 84,09 пайыз) өсті.
2019-2023 жылдары облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына 137 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынып, 96 пайызға жаңартылды.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша 2018-2023 жылдары аралығында 101 медициналық пункт, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, облыс тұрғындарының игілігіне берілді. Сондай-ақ, облыстық жедел жәрдем станциясын нормативке сәйкестендіру мақсатанда Түркістан қаласында 2022 жылы 25 бригадаға арналған жедел жәрдем станциясы халық игілігіне пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ, Түркістан қаласында заманауи перзентхана салу үшін Біріккен Араб Әмірлігімен (Абу-Даби қорынан)келіссөздер жүргізілді. Қазіргі таңда 80 төсек-орынға арналған перзентхана құрылыс жобасына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жерді лайындау жұмыстары басталып қазаншұнқыр (котлован) қазылуда және аумағын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Нысанның құрылысына тапсырыс беруші – Түркістан әлеуметтік корпоративтік қоры, демеуші Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қоры.

Түркістан қаласындағы 570 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысы 2020 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында Түркістан қаласы, 160 квартал, 357 телімінде (15,63 га жер учаскесі) басталды. Жоба бойынша бүгінгі таңға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары 40 пайызға аяқталып, 2023 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Тапсырыс берушісі – «ATM TURKISTAN HOSPITAL» ЖШС. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 15 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізілуде.
Амбулатроиялық-емханалық көмектің халыққа қолжетімді әрі сапалы болу үшін Шардара аудандық емханасына қосымша ауысымна 150 келушіге араналған жапсарлас ғимараты халық игілігіне пайдалануға берілді.

2020 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының «Шалғайдағы өңірлерге Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету» тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдың соңында 11 елді мекенді медициналық пункттермен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа 2023 жылға жоспарланған 4 аудандық орталық ауруханаларды (Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш, Жетісай) қайта көпбейінді аудандық аурухана етіп қайта құру (күрделі жөндеуден өткізу) жоспарлануда.
Қорыта келе Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы бойынша метериалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі жылдан жылға өсуде, ал инфрақұрылымы жыл санап ескі нысандардың орнына типтік заманауи ғимараттар салынуда.

TuraNews

Back to top button