Түркістан облысында Дархан Сатыбалды кәсіпкерлік нысандарын аралады
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп келеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Мемлекеттік қолдаудан бөлек, облыс басшысы жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, ашық диалог орнатып тұрады. Осы орайда, Дархан Сатыбалды Түркістандағы орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып келе жатқан өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Жұмыс барысымен танысып, кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады.
Қолөнер бұйымдарына сұраныс көп, тұтынушы талғамы да артқан. Кәдесыйлар жасап шығаратын жергілікті кәсіпкерлер Түркістан қолөнерін дамытуға үлес қосып келеді. Мұнда жылына 1000 дана бұйым шығарылады. Кәсіпкерлер соңғы уақытта қазақи нақыштағы ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс артып келе жатқанын, алдағы уақытта кәсібін кеңейтуды жоспарлап жатқандарын тілге тиек етті. Кәсіпкер тек жастар арасында бұл кәсіппен айналысуға деген қызығушылық аз екенін айтты.
Дархан Сатыбалды өз үйінің ауласында кәсібін дөңгелетіп отырған түркістандықтармен кездесті. «Қанібекова» ЖК-гі темір және ағаш есік шығарумен айналысатын цех жылына 6000 дана есік жасап шығарады. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тапсырыс тұрақты түсіп отырады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Сауран» тұрғын үй алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, тұрғындар өтінішіне құлақ аса отырып, бірлесе жұмыс істеуді міндеттеді.