Қоғам

Түркістан облысында биыл модульді лагерлер жұмыс істейді

Биыл Түркістан облысында алғаш рет модульді 5 жазғы лагерь іске қосылады.

Өңірдің 5 ауданындағы жазғы сауықтыру лагерлерінде 54 модульдік жатын бөлме, 2 асхана, 4 әжетхана орнатылады. Бұл бастама — лагерлердегі орын тапшылығын шешуге бағытталған, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Мәселен, «Төлеби Нұры», «Тау шыңы», «Балауса», «Тау барысы» және «Балдәурен» лагерлеріне орнатылатын модульдер бір ауысымда 1 мыңнан астам баланы қабылдайды. Жалпы жазғы маусымда бұл лагерлерде 10 мыңға жуық бала демалады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, облыстағы жазғы сауықтыру кешендерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы ретте, өңірдегі «Самал» жазғы сауықтыру лагері 20 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жалпы Түркістан облысында биыл 41 мыңнан астам бала 31 жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады.

Балаларға арналған бұл демалыс тек тынығу емес, тұлғалық, шығармашылық және рухани дамуға бағытталған маңызды кезең. Осыған орай, лагерлерде әр күнге жоспарланған ойын-сауық, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Айта кетейік, 1 маусымнан бастап Түркістан облысының балаларына жазғы сауықтыру кезеңі басталады.

TuraNews

Back to top button