Түркістан облысында алты тілді білетін мектеп мұғалімі ауыл балаларын оқытып жүр

Келес ауданында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гаухар Бахадырова еуропалық білімнің инновацияланған түрін ауыл балаларына үйретіп жүр. Ол Испанияның Кадис қаласындағы “Erasmus Mundus” университетінде білім алған. Соңғы 4 жылдан бері Абай ауылындағы №2-ші мектеп гимназиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
— Балаға бағыт беріп, қызықтыра білсең, ол сені таңғалдырудан жалықпайды. Мен сабақ бергенде оқушыларға ең бірінші сыни тұрғыдан ойлану, өзін-өзі оқыта алу, баланың қалыптасу тұрғысындағы дағдыларын ескере отырып, білім беру дағдысына жүгінемін, -дейді Гаухар.
Қазіргі таңда ұстаз ауыл мектебінен ағылшын тілін терең оқытатын үйірме ашып, оқушыларға шет тілін жетік меңгеруге септігін тигізіп жүр. Нәтижесінде 1 жылдың ішінде мектеп бітірген шәкірттерінің 80%-ы мемлекеттік грант иегері атанған. Білікті ұстазды әріптестері де мақтан тұтатындығын айтты.