Қоғам

Түркістан облысына 10 айда 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, жаңа зауыттар ашылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.

– Жалпы облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Инвестициялық әлеует зерделеніп, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 трлн. теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд. теңге салық түседі.

Биыл 340 млрд.теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба (180 млрд.тг) іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды.

Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келісөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.

TuraNews

Back to top button