Қоғам

Түркістан облысы: жазғы сауықтыру лагерлерінде санитарлық талаптар қатаң бақылауда

Биыл облыс аумағында жалпы саны 32 (11 - мемлекеттік, 21 - жекеменшік) балаларды сауықтыру лагері жаз маусымында балалардың демалысын ұйымдастырады.

Онда балалардың қауіпсіздігі үшін барлық санитарлық талаптар қатаң бақылауда. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.

«2025 жылдың жазғы маусымында өңірдегі 41 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру-лагерлерімен қамтылады. Облыс бойынша жаз мезгілінде мемлекеттік лагерлерде 7 ауысымда 16 718 баланы қамту жоспарлануда. Биылғы жылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылып, 7500-ден астам қосымша орын ашуға жағдай жасалуда. Ал, 21 жекеменшік лагердің әрбірі бір ауысымда 5 400 баланы қабылдауға дайын»-деді спикер.

Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары тамақтан улану жағдайлары бойынша облыс аумағындағы ахуалды баяндады.

«Түркістан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану саласы бойынша 3 883 кәсіпкерлік нысанды бақылауға алған. Соңғы жылдары облыс көлемінде қоғамдық тамақтану орындарында жаппай тағамнан улану жағдайының тіркелуі жиілеген. Соңғы үш жылда Арыс, Кентау, Келес, Түркістан және Сайрам аудандарында 5 жағдай тіркеліп, 200-ден аса адам зардап шеккен. Биылғы жылдың наурыз айында Түркістан қаласында 68 адам тез дайындалатын фаст-фуд өнімдерінен уланған» — деді спикер.

 

TuraNews

Back to top button