ҚоғамЭкономика

Түркістан: келестік шаруа тропикалық жемістерді жерсіндіруде

Келес ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров жылыжайда тропикалық жемістерді жерсіндіруді қолға алды. Ол шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында сол аймақтағы өсімдіктердің тұқымын алып, өз жылыжайында сынақтан өткізуді әдетке айналдырғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

– 2006 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келемін. Бүгінде 5,6 гектар аумақтағы жылыжай кешенінде 60-қа жуық азамат еңбектенеді. Жыл он екі ай елімізге көкөніс өнімдерін жеткізумен қатар, жылы аймақтарда өсетін кокос, лимон, киви, маракуйя және папайя сынды өнімдерді өсіруді тәжірибеден өткізудеміз. Өткен жылы какос тұқымын қара құнарлы топыраққа отырғыздық. Биыл тұқым бүршік жарып, өсті. Сондай-ақ лимон ағаштары да жеміске кірді. Алдағы уақытта өнімімізді ашық алқапта сынауды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа.

Айта кетейік, «Нұржан» шаруа қожалығы – Келес ауданында жылыжаймен айналысатын ірі кешендердің бірі. Кешеннің ерекшелігі — озық технологияны қолдана отырып, тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету. Шаруа өткен жылы «Келес» атауымен жаңа көкөністі саудаға шығарды. Сонымен қатар шаруа қожалықтың жылыжайға арналған пленка, қысқыш (зажим), пресс жіп шығарумен айналысатын кәсіпорны да өз жұмысын қарқынды жүргізуде.

TuraNews

Back to top button