Басты

Түркістан: Келесте ауыл шаруашылығының өнім көлемі 56,6 млрд. теңгені құрады

Келес ауданында «Алтын күз – 2023» ауыл шаруашылығы саласының қорытынды іс-шарасы өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Іс-шара аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев барша аудан тұрғындарын берекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, үздік ауыл округтері мен шаруа қожалықтарды марапаттады.

– Келес ауданының құнарлы жерінен өндірілген өнімдеріміз республика аумағынан бөлек, көрші мемлекеттерге дейін экспортталды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ағымдағы жылы Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтері жобаға қатысты. 2024 жылға қарай «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келес ауданынан қосымша 5 ауыл және ауылдық округті жобаға қатыстыру жоспарлануда. Біздің алдымызда ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жаңа технологияны пайдалана отырып, өнім көлемін арттыру міндеттері тұр. Облыс аумағында Келес ауданының «аграрлы аудан» екенін негізге ала отырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жұмыла жұмыс істеуге шақырамын, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев сөз алып, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс етті. Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.

Келестік шаруалар жиын-терім маусымын жоғары деңгейде аяқтады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі биылғы жылдың тоғыз айында 56,6 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, мал шаурашылығының үлесі 22 240,1 млн. теңге болса, өсімдік шаруашылығы бойынша 16 001,3 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар 80-ге жуық ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылды. Нәтижесінде, суармалы жерлердің көлемі артып, Келес ауданы көкөніс өндіруде облыс деңгейінде үздіктер қатарынан көрінді.

TuraNews

Back to top button