Экономика

Түркістан: Жетісайда тоқыма фабрикасы салынады

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Оның сөзінше, биыл 9 айда ауданның негізгі капиталына 16,6 млрд теңге инвестиция салынған. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21 мыңнан асып, олардың өндірген өнім көлемі 26,5 млрд теңгеге жеткен.

– Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін арнайы жер белгіленді. Қазіргі таңда тиісті құжаттары рәсімделуде. Бұдан бөлек, өзбекстандық инвестормен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу жұмысы жүріп жатыр. Бұл мақсатта Асық ата кентінен 5 га жер бөлініп, бірлескен «TST GROUP» компаниясы құрылды. Инвесторға өнеркәсіпті даму қоры арқылы 7,6 млрд теңге жеңілдетілген несие беру қарастырылуда. Сонымен қатар, ресейлік инвестормен бірге жоңышқа грануласын өндіру және өзбекстандық инвестормен бірлесе жібек жібі мен қант өндірістерін құру жобалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деді Серік Үсенұлы.

Сонымен қатар, ауданда биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 69,2 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, 321 шаруақожалық иелері 1 236 гектар жерден екі рет өнім алу жобасын іске асырған. Одан бөлек, ауданда мақта жинау науқаны жүргізілуде. Бүгінгі күнге 117 мың тонна өнім жиналған.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 2 газ таратушы станция құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін ауданды газбен қамту көрсеткіші 60%-ға жетпек. Сонымен қатар, 2023 жылы аудан бойынша жалпы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда елді мекендердегі ішкі көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 60%-ды құрап отыр.

Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы аясында ауданда биыл 9 айда 10 327 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» тапсырмасы аясында 2 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

TuraNews

Back to top button