«Turkistan Book Fair»: Түркістанда әдеби кеш өтті

Түркі әлемінің рухани астанасы әрі тарихи шаһары Түркістан баспа саласының ең беделді басқосуларының біріне айналды. Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі және «Foliant» баспасының бірлесуімен ұйымдастырылған “Turkistan Book Fair” Халықаралық кітап көрмесі түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасы мен заманауи басылымдарын оқырманға ұсынып, өз жұмысын бастады.
Түркі әлемінің 50-ден астам баспасы, жазушысы, ақыны мен аудармашысын бір арнаға тоғыстырған көрменің ресми ашылуы Түркістандағы Конгресс-холлда өтті.
Салтанатты шараға TҮРКСОЙ Бас хатшысы, жазушы әрі драматург Сұлтан Раев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Tүркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гүркан, TҮРКСОЙ Жазушылар бірлестігінің төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған көптеген қонақ, ғалымдар мен әдебиетсүйер қауым қатысты.
Бас хатшы Султан Раев: «Кітапханалар – адамзатты көркейтеді»
Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде TҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев кітаптың тек білім көзі ғана емес, өркениет қалыптастырудағы ең негізгі тірек екенін атап өтті. Тыңдарманға зор әсер қалдырған сөзінде ол былай деді:
“Кітап – парақ арасына әлем сыйдырып, адам тәрбиелеп, жанын нәзіктендіріп, оны көркем етеді. Ал кітапханалар мен кітап жәрмеңкелері тек жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды, күллі адамзатты көркейтетін, өркениетімізді жарыққа бөлейтін шамшырақтар. Бүгін Түркістанда жағылған осы мәдени шам – Түркі дүниесінің ортақ жадын да, болашағын да нұрландырады”.
Түркі дүниесі қаламгерлерінің тоғысқан тұсы
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «оқу мәдениетін дамыту және ұлттық кітап күнін бекіту» жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асқан бұл көрме үш күн бойы мәдени әрі салалық байланыстар алаңына айналады.
Форум аясында ұйымдастырылған қолтаңба күндері мен панельдік кездесулерде түркі әдебиетінің таңдаулы туындылары таныстырылуда. Олардың қатарында TҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың қазақ тілінен түрік тіліне “Tımarhane” деген атпен шыққан “Janjaza” романы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Нәсіпбек Айтұлының “Ләйлі – Мәжнүн” дастаны, жазушы Ұларбек Дәлейұлының “Хан Бату” тарихи деректі романы, сондай-ақ саха поэзиясының нәзіктігін жеткізген “Саха (Якут) поэзиясы антологиясы” секілді туындылар бар.
Сонымен бірге көрме барысында жазушы Баянғали Әлімжанов, ақын Ұларбек Дәлейұлы сынды қаламгерлермен сұхбаттар өтеді. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың мәңгілік мұрасы – “Қош бол, Гүлсары” шығармасына арналған арнайы подкаст жазбасы мен талқылау сессиясы ұйымдастырылмақ.
Қатысушы елдер
Көрмеге Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және Ресей Федерациясынан (Саха–Якутия, Татарстан, Башқұртстан) баспалар қатысып, түркі халықтары арасындағы әдеби көпірді одан әрі нығайтуды мақсат етеді.



