Қоғам

Түркістан: арыста жылу қазандықтары газға ауыстырылып, тұрғындарға табиғи газ жеткізілді

Республика күні қарсаңында арыстықтар көптен күткен қуанышқа кенелді. Қалада орналасқан ескі қазандықтардың орнына табиғи газбен жұмыс істейтін заманауи қондырғылар орнатылып, қала халқы жаңартылған жылу жүйесіне қосылды.

Жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісуге облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы барып, қала басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге «Орталық қазандықтың» жұмыс барысын бақылады.

Жаңадан орнатылған қазандықтардың технологиялық процестері толығымен автоматтандырылған. Жобаның жалпы құны 513 млн. теңгені құрайды. Мұнда ART Boilers БМКГ-13957 модульдік қазандығы орнатылған. Ол табиғи газбен де, дизель отынымен де жұмыс жасайды. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен қазандыққа дейін 4,7 шақырым газ құбыры тартылды.

Зұлпыхар Жолдасов бұл жобаның қаланың дамуына айтарлықтай үлес қосатынын және экологияға оң әсерін тигізетінін атап өтті. Жылу жүйесінің газға көшуі тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатынын жеткізді.

Айта кетейік, «Арыс жылу» мекемесі арқылы қазіргі таңда 27 көпқабатты тұрғын үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.

Арыстықтар ұлттық мерекені қос қуанышпен тойлады. Мереке қарсаңында қала орталығындағы Әуесхан Салықбаев көшесінің тұрғындарына табиғи газ берілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкімі алғашқылардың бірі болып «көгілдір отынға» қосылған Тәлебиевтер әулетіне арнайы барып, ізгі тілектерін жеткізді.

 

 

 

 

 

 

TuraNews

Back to top button