Ұзақ үзілістен кейін Қара теңізде екі ел арасындағы паром желісі қайта іске қосылды. Seabridge кемесі Трабзон портынан шығып, Ресейдің Сочи қаласына бағыт алды.
Белгілі болғандай, кеме Трабзоннан Сочиге алғаш рет шамамен 14 жылдан кейін жолға шыққан. Жол шамамен 12 сағатқа созылады, ал билеттердің бағасы 70 доллардан басталады. Кеменің қозғалысын Marine Traffic сервисі арқылы нақты уақытта бақылауға болады.
Кеме 450 жолаушы мен 200 көлікке арналған. Алғашқы рейске небәрі 20 адам шыққанымен, компания өкілі Мұстафа Чакырдың айтуынша, бағытқа деген қызығушылық жоғары.
– Қазір бізге тек Түркиядан ғана емес, көрші елдер — Грекия, Болгария және Румыниядан да қоңырау түсіп жатыр. Әсіресе жазда және мектеп демалысы кезінде сұраныс артатынына сенімдіміз. Бұл бағыттың қайта жандануына үміттіміз, – деді ол.
Жолдың ашылуына орай жолаушыларға отыратын орындардың орнына каюталар ұсынылды. Сочиде паром круиз айлағында тоқтайды, онда билет сату кеңсесі де ашылған. Бұл бастама екі ел арасындағы туризм мен сауданы дамытуға серпін береді деп күтіліп отыр.



