Түркияның Әділет министрі Ыстанбұл қаласының әкімінің қамауға алынуына қатысты пікір білдірді
Түркия Республикасының Әділет министрі Йылмаз Тунч Ыстанбұл қаласының әкімі Экрем Имамоғлуның қамауға алынуына байланысты мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Ыстанбұл Бас прокуратурасы жүргізіп жатқан тергеу аясында бүгін таңертең 106 адамға, соның ішінде қала әкіміне қамауға алу ордері берілген.
«Ыстанбұл Бас прокуратурасы екі бөлек тергеу жүргізуде.
Біріншісі – лаңкестік қылмыстарды тергеу бюросы жүргізіп жатқан іс. Бұл тергеу аясында әкіммен бірге 7 адам қамауға алынды. Оларға лаңкестік ұйымға жәрдем берді деген айып тағылуда.
Екінші тергеу ұйымдасқан қылмыспен күрес бюросының құзырында. Бұл іс бойынша 100 адам, соның ішінде қала әкімі де күдікке ілінді», – деді министр.
Тергеу материалдарында сыбайлас жемқорлық, бопсалау, алаяқтық, тендерлік келісімдерге заңсыз араласу және қылмыстық топтың құрамында жеке деректерді заңсыз пайдалану сияқты айыптар бар екені көрсетілген.
Әділет министрі Йылмаз Тунч қоғамды асығыс қорытынды жасамауға шақырып, «егер айып тағылса, қорғану орны – сот, көшелер емес» екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол әділеттілік заң аясында жүзеге асырылатынына және барлық процестер құқықтық нормаларға сәйкес өтетінін мәлімдеді.