Астанада «Түркия Республикасының 100 жылдық белесінен Түркі әлемінің болашағына» тақырыбында халықаралық конференция өткізілді. Аталған жиын Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп жазады TuraNews.kz TRT-ге сілтеме жасап.
Түркі Академиясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Түркия Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған шараның ашылуында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Tүркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Mұстафа Капуджу, Түрік тарихы қоғамының құрметті мүшесі, Халықаралық Османлы зерттеулері комитетінің Басқарма кеңесінің мүшесі профессор Илбер Ортайлы сөз сөйледі. Сонымен қатар конференция жұмысына диломатиялық миссия қызметкерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен түрколог-ғалымдар қатысты.
Жиында сөз алған Академия басшысы Ш. Мұстафаев Түркия Республикасының 100 жылдығы маңызды тарихи белес екеніне тоқталып, бүгінде Түркі ынтымақтастығы аясында бауырластық байланыстарын нығайта түскен тамырлас мемлекеттер үшін үлкен мүмкіндіктер ашылғанын айтты. «Түркі әлемінің геосаясат пен геоэкономика тұрғысынан маңызы бірте-бірте артып келеді. Тұрақсыздық күшейіп жатқан аласапыран әлемде Түркі әлемінің бейбітшілік пен өркендеу аймағына айналу мүмкіндігі өте жоғары. Алдағы кезеңде Түркі әлемінің өзара келісімге берік, бауырластық байланысқа бекем, мызғымас достық қатынасқа негізделген, қауіпсіздік пен тұрақтылық сақталған аймақ болуын тілейміз», — деді Ш. Мұстафаев.
Өз кезегінде Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммитінің жоғары деңгейде өткенін және басқосу ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне бетбұрыс болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Елші Түркияның 100 жылдығына арналған аталған іс-шараны ұйымдастырған Түркі Академиясы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алғысын білдірді.
Конференцияның құрметті қонағы Илбер Ортайлы Түркі халықтары арасында мәдени байланысты тереңдетудің маңыздылығына, интеграцияны нығайту барысында мәдени ынтымақтастықтың маңызы зор екеніне тоқталды.
Жиын аясында Түркі Академиясы белгілі түрік тарихшысы Афет Инанның «Кемал Ататүрікті еске алғанда» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітапта түрік зиялы қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның түркі әлемінің ұлы қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ойлары жинақталған. Айта кету керек, кітапты Академия тұңғыш рет қазақ тіліне аударып жарыққа шығарып отыр.
Бұдан кейін Түркиядан арнайы келген профессор Илбер Ортайлының түрік тарихын зерттеу бағыттары бойынша лекциясы өтті.
Конференция соңында профессор Илбер Ортайлыға Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттырудағы үлесі үшін Түркі Академиясының арнайы медалі табысталып, Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ университінің Құрметті професоры атағы берілді.