Түркиялық БАҚ: ФЕТО террор ұйымының басшысы Фетхуллах Гүлен өлді
21 қазанда желіде ФЕТО лаңкестік ұйымының жетекшісі Фетхуллах Гүленнің өлгені туралы ақпарат пайда болды.
Түркиялық БАҚ мәліметінше, Американың Пенсильвания штатында тұратын FETО (Фетхуллашы лаңкестік ұйым) ұйымының жетекшісі Фетхуллах Гүлен өлді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Фетхуллах Гүленге жақындығымен танымал Herkül сайты оның өлгені туралы хабарды қазанның 20-сы күні жариялады.
Сондай-ақ, Фетуллах Гүленнің немере інісі Эбуселеме Гүлен де әлеуметтік желідегі парақшасында оның өлімі туралы хабарды растады.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 15 шілдесі түні Түркияның демократиялық жолмен сайланған үкіметін құлату мақсатында опасыз төңкеріс әрекеті жасалды. Фетуллахшы террор ұйымы (ФЕТО) тарапынан ұйымдастырылған төңкеріс әрекеті Ыстамбұлдағы көпірлердің жабылуымен және танктердің көшеге шығарылуымен басталды.
Көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, атап айтқанда Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі, Президент Әкімшілігі кешені және Анкара қаласының полиция департаменті бомбаланды. Көп ұзамай бұл оқиға оқшауланған оқиға емес, үйлестірілген шабуыл екені белгілі болды.
Төңкеріс әрекетінің алғашқы сәттерінен бастап Түркия үкіметі тәртіпті қалпына келтіру және кінәлілерді жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қабылдады.