Арнайы бортпен Түркиядан елімізге 64 адам жеткізілді, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды Turanews.kz.
«Газиантеп қаласынан арнайы бортпен Қазақстанның – 42, Қырғызстанның 22 азаматы эвакуацияланды», — деп мәлім етті оқиға орнынан ақпарат таратып жатқан агенттік тілшісі Ақжігіт Шүкібай.
Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген.
Осы уақытта арнайы борт Астана халықаралық әуежайына қонды. Эвакуацияланған адамдар паспорттық бақылаудан өтіп жатыр.
Еске сала кетсек, Қазақстандық құтқарушылар мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке қонған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы Газиантепке кешке кешқұрым жетті. Қазақстан ұшағымен алғашында 16 адам эвакуацияланған болатын.
Қазір Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтар іздестіріліп жатыр. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні кешке аман-есен табылды.