БастыҚоғам

Түркиядағы қарттар саны көптеген елдің жалпы халқынан асып түсті

Түркия статистика институтының (TÜİK) сенсациялық мәліметіне сүйенсек, елдегі қарттардың (65 жас және одан жоғары) саны көптеген мемлекеттің жалпы халқынан асып түседі.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылы жер бетіндегі халық саны 8 миллиард 161 миллион 973 мың адамды құрады. Бұл ретте, қарттардың үлесі 10,2 пайызға жетті.

Түркиядағы жағдай тіптен қызық. Ел халқының саны 85 миллион 664 мың 944 адамға жеткенде, қарттардың үлесі 10,6 пайызды немесе 9 миллион 112 мың 298 адамды құрады.

Бұл дегеніміз, Түркиядағы қарттардың саны Швейцария, Сербия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Армения және Исландия сияқты 96 елдің жалпы халқынан да көп.

Әлем бойынша қарттар саны жағынан Қытай көш бастап тұр. 2024 жылы бұл елде 208 миллион 147 мың 281 қарт адам тіркелген. Одан кейінгі орындарда Үндістан (103 миллион 691 мың 375) және АҚШ (61 миллион 930 мың 598) орналасқан.

Халықтың жалпы санында егде жастағы адамдардың үлесі ең жоғары ел Монако болды — 36,2%. Монако халқының жалпы саны 38 631 адам, оның 13 972-сі қарт адамдар. Монакодан кейін Жапония — 29,8%, Италия — 24,6%, Португалия — 24,5% және Грекия — 23,9% тұр.

Ал, халықтың жалпы санындағы егде жастағы адамдардың үлесі ең төмен елдер қатарына Катар (1,7%), Біріккен Араб Әмірліктері (1,8%), Замбия (1,9%), Чад пен Судан (2,1%) және Орталық Африка Республикасы (2,2%) кірді.

 

TuraNews

Back to top button