ӘлемБастыҚоғам

Түркиядағы жол апатынан зардап шеккендер арасында 4 атыраулық бар

Түркиядағы жол апатынан зардап шеккендер арасында 4 атыраулық бар. Олар ауруханада жатыр, деп хабарлайды Turanews.kz.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Түркиядағы жол апатынан зардап шеккендер арасында 4 атыраулық болған.

«Жол апатынан жараланғандардың ішінде төртеуі – атыраулық. Үшеуі Алания мемлекеттік ауруханасында, ал бір науқас Сиде Анатолия ауруханасында жатыр. Бір науқас жансақтау бөлімінде, үш науқастың жағдайы орташа ауыр, дәрігерлердің бақылауында тиісті емін алуда. Қазіргі таңда облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы аталған аурухана дәрігерлерімен тығыз байланыста», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Аланияда қазақстандық туристер мінген автобус жүк көлігіне соғылып, 2 адам көз жұмғаны хабарланған еді.

Түркияның Аланья қаласы аумағында туристер мінген шағын автобус жүк көлігімен соқтығысты. Салдарынан екі адам көз жұмып, тағы 12 адам зардап шекті. Жолаушылар арасында қазақстандықтар болған. Ауыр жарақат алған 6 адам Аланья мен Манавгат аудандарының ауруханаларына жеткізілген.

Кейін екі қазақстандық туриске ота жасалғаны жазылған болатын.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түркияның Алания аумағында болған жол апатынан екі қазақстандық жарақат алған. Оларға ота жасалған.

Сондай-ақ, ауыр жарақат алған қазақстандық турист қайтыс болғаны хабарланды.

«Аланиядағы апаттан зардап шеккен жолаушылардың бірі бүгін таңертең ауыр жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды. Қаза тапқан ҚР азаматының ұлы бүгін Анталияға келді және қазір біздің дипломаттармен бірге. Оған бүкіл қажетті көмек көрсетіледі», — деп жазылған ҚР СІМ хабарламасында.

TuraNews

Back to top button