Басты

Түркияда зілзалада із-түзсіз кеткен Мирболат Құрмашевтің денесі табылды

Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат (Мирус) Құрмашевтің денесі табылды, деп хабарлайды Turanews.kz Төтенше Жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз одан айырылып қалдық» — деп делінген хабарламада.

Мирболат Құрмашевтің денесін біздің құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан.

«Түркияның Хатай провинциясындағы толығымен қираған ғимараттан қазақстандық құтқарушылардың күшімен екінші қазақстандықтың денесі шығарылды. Үйінді жағдайындағы қозғалыс кезінде іздестіру барысында құтқарушылар алдын ала белгіленген іздестіру орнына жету үшін барынша жедел түрде арнайы ойық жасады. Құтқарушылар кішкентай бос орындар арқылы ойықтың ішіне кірді. Бұл ретте құтқарушылар құрылымдық элементтер қайта құламас үшін тосқауылда кішкентай саңылау жасауға тырысты, үйіндіде қауіпті учаскелерді бекітті, үйінді бөлшектерін көтеріп, жылжытты» — деп хабарлады ТЖМ.

Еске сала кетсек, Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің Түркияда жоғалып кеткені жайлы хабарлағанбыз.

Кейін Мирус Құрмашевтің тағы үш әріптесі байланысқа шықпай қалды. Оның екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы. Соның ішінде Сабина Мамадьярова аман табылды. Ал кеше Әділ Қадірбековтің денесі үйінді астынан шығарылды. Үшінші адам — Түркия азаматы да мерт болған.

TuraNews

Back to top button