Түркияда түркі әлемі халықаралық симпозиумы басталды
Түркияның Эрзинджан қаласында түркі әлемі халықаралық симпозиумы басталды.
9-12 қазан аралығын қамтитын симпозиумды Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесі және Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен Бинали Йылдырым университеті ұйымдастырып отыр.
Симпозиум түркі әлемінің тілі, тарихы, мәдениеті, өнері, білімі, энергетикасы, диаспорасы, саудасы, географиясы, әлеуметтануы, фольклоры, антропологиясы, туризмі, халықаралық қатынастары, экономикасы және тағы да көптеген салалардағы ғылыми зерттеулерді ортақ арнаға үйлестіру мәселелерін қарастыруды көздейді.
Шара аясында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымының «Turkvision-2040» тұжырымдамасына негізделген ұсыныстар мен ортақ жобалар бойынша пікір алмасады.
Алқалы жиынға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Симпозиумды Ұйымдастыру алқасының төрағасы Абдулкадыр Гүл, Әзербайжан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов, Түркияның Әзербайжандағы бұрынғы елшісі, Түркия ақсақалдар одағының тең төрағасы Хулуси Кылыч, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, сонымен қатар, бауырлас елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысуда.
Жиында Академия басшысының міндетін атқарушы Ф. Мәжидли сөз алып, түркі әлеміндегі ғылым және білім саласыдағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды. Ол сонымен қатар, осы бағытта Түркі академиясының атқарып жатқан іргелі жұмыстарын атап өтті.
Сөз соңында Ф.Мәжидли тағылымды шара ұйымдастырушыларына ризашылығын жеткізіп, сипозиумның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.