Түркияда ТМҰ қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің алғашқы кездесуі өтті
Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің әлеуметтік саясат министрлерінің алғашқы кездесуі өтті, оған Қазақстаннан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова қатысты
Кездесу Халықаралық отбасы күніне орайластырылып, «Жаһанданған әлемнің тәуекелдеріне қарсы тұру: біздің отбасымыз – біздің болашағымыз» тақырыбында өтті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан, сондай-ақ бақылаушы елдер – Түрікменстан, Венгрия мен Солтүстік Кипрден ТМҰ-ға қатысушы елдердің бірінші басшылары мен министрлердің орынбасарлары қатысты.
Делегация басшыларын Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдады. Ол кездесуге қатысушыларды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың басталуымен құттықтап, бірлескен жұмыста табыс тіледі.
Іс-шара барысында ТМҰ-ға қатысушы елдердің орталық мемлекеттік органдарының әлеуметтік саясат мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.