Түркияда шылым шегетін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақыты ұзартылуы мүмкін
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіне (Парламент) темекі шегетін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын ұзартуды ұсынған петиция келіп түсті.

Петиция авторларының пікірінше, темекі шегетін мемлекеттік қызметкерлер жұмыс уақытында жиі үзіліс жасап, темекі шегуге және түрік шайын ішуге уақыт бөледі. Салдарынан, олар өз міндеттерін толық көлемде орындамайды. Сондықтан, бұл уақытты қосымша жұмыс істеу арқылы өтеуі тиіс деп есептейді. Бастаманы ұсынушылар бұл шараны темекі шекпейтін, жұмыс уақытын толықтай жұмыс орнында өткізетін қызметкерлерге әділдік орнату құралы ретінде қарастырады.
Ұсыныс әлі қаралып жатқанымен, бұл бастама қоғам мен мемлекеттік қызметкерлер арасында қызу пікірталас тудырды. Қоғамда бұл ұсыныс тек заңды тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің жеке еркіндігіне қол сұғу мәселесін де көтерді.
Кейбір сарапшылар мұндай шектеу шараларынан гөрі, адамдарды темекі шегуден бас тартуға ынталандыратын механизмдерді енгізу әлдеқайда тиімді болар еді деп есептейді.