Әлем

Түркияда қираған тұрғын үйлерге байланысты ұсталғандар саны 269-ға жетті

Түркияның Кахраманмараш провинциясында болған ақпандағы зілзаладан қираған ғимараттарға қатысты ұсталғандар саны 269-ға жетті, деп хабарлайды Turanews.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Апаттың ауқымды салдарына байланысты тергеу шаралары жалғасуда.

Бас прокуратура адам өліміне әкелген сапасыз құрылысқа 1068 адамның қатысы бар екенін анықтады. 320 күдікті елден шықпау туралы қолхатпен босатылды.

Сонымен қатар 228 күдіктіні ұстау туралы бұйрық берілсе, 106 күдіктіні қамауға алуға ордер берілді.

Күдіктілердің 43-і өмірден өткені, 14 адам шетелде екені анықталды.

Бұған дейін Түркияда зілзаладан қираған тұрғын үйлер ісіне қатысы бар деген 247 адам тұтқындалғаны хабарланған болатын.

Дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04:17 — де – 7,7 балл және 13:24-те-7,6 балл).

Түркияның оңтүстік-шығысындағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 46,1 мыңнан асты.

TuraNews

Back to top button