Түркияда онлайн саудаға жаңа талаптар енгізілді
Түркия елінде сәуірдің 1-інен бастап интернет арқылы сауда жасаудың жаңа ережелері күшіне енді.

Zakon.kz-дің Turkey Today-ға сілтеме жасай отырып хабарлауынша, интернетте сатылатын барлық тауарларға келесі талаптар қойылады:
- сатушының нақты және толық фотосуреті, аты-жөні, пошталық және электрондық пошта мекенжайы;
тауарды сырттан әкелуші немесе өндіруші туралы мәліметтер; - түрік тіліндегі ескертулер;
- тауардың сәйкестік белгілері;
- өнімнің түрі, моделі және толық сипаттамасы.
Егер аталған мәліметтер толық болмаса немесе жалған ақпарат берілсе, сатушыға түзету талабы жіберіледі. Талап орындалмаған жағдайда жарнама бұғатталады. Ал денсаулыққа қауіп төндіретін жағдайда өнім сауда платформасынан дереу алынып тасталады.
Сонымен қатар, онлайн-маркетплейстерге де жаңа міндеттер жүктелді. Олар тауарлардың қауіпсіздігі туралы мәліметтерді сақтауға және қауіпті өнімдер туралы хабарламаларды 24 сағат ішінде қарауға міндеттеледі. Одан бөлек, тұтынушылардың шағымдары үшін байланыс орталығын құруы керек.
Түркияға тауар жіберетін шетелдік компаниялар елде ресми өкілдік ашуға міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда, түрік нарығында сауда жасауға тыйым салынады.