Әлем

Түркияда 6 ақпаннан бері 22,5 мың жерасты дүмпуі тіркелді

6 ақпаннан бері, яғни эпицентрі Түркияның Қахраманмараш қаласында болған жойқын жер сілкінісінен кейін 22 500-ге жуық жерасты дүмпуі болды.

Бұл туралы Түркияның Төтенше жағдайларды басқару және алдын алу басқармасының (AFAD) басшысы Юнус Сезер Түркия ғылыми-техникалық зерттеу кеңесі (TUBITAK) онлайн режимінде ұйымдастырған жер сілкінісін зерттеу конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Turanews.kz Aнадолы агенттігіне сілтеме жасап.

AFAD басшысының айтуынша, 6 ақпанда Қахраманмараштағы жер сілкінісі 1668 жылы Солтүстік Анадолы мен 1939 жылы Эрзинджандағы осындай апаттардан кейінгі үшінші ірі жер сілкінісі болды. «Бұл әсер ету аймағы, қирау және адам шығыны бойынша ең үлкен апат болды», — деді Сезер.

AFAD басшысы жер сілкіністерінен аймақта тұратын 15 млн-ға жуық адам зардап шеккенін айтты.
«Магнитудасы 7,7 болған бірінші жер сілкінісінің ұзақтығы 65 секунд, ал екінші 7,6 балдық жер сілкінісінің ұзақтығы 45 секундты құрады. Қазіргі уақытта шамамен 22 500 жерасты дүмпулері болды. Бұл көрсеткіш AFAD жыл ішінде тіркеген жер сілкінісінің орташа санына тең. Магнитудасы 5-6 болатын дүмпулер саны – 47. Екі жер сілкінісі салдарынан ұзақтығы 400 шақырымдай жерүсті жарылыстары орын алып, жер қыртысында 7,5 метрге дейінгі ығысулар пайда болды», — деді Сезер.

TuraNews

Back to top button