Түркия туризмнен жарты жылда $25,8 млрд тапты
2025 жылдың бірінші жартысында Түркияға келген турист саны 26 млн-нан асты.

2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Түркия 26,4 миллионға жуық шетелдік қонақты қабылдап, өткен жылмен салыстырғанда 1% өсім көрсетті. Осы кезеңде елдің туризмнен түскен табысы 25,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, былтырғы көрсеткіштен 7,6% жоғары болды.
Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсойдың мәліметінше, шетелдік туристер елде орта есеппен 10 түн қонып, әр түнге бір адамға шаққанда 106 доллар жұмсаған. Бұл өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 8%-ға артық.
«Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Түркия туризмде тұрақты өсімді жалғастырып келеді. Біз бағыттар мен нарықтарды әртараптандыру стратегиямыздың жемісін көрудеміз», — деді министр Ерсой Стамбулда өткен баспасөз жиынында.
Алғашқы алты айда Түркияға ең көп келуші елдер қатарында Ресей (2,61 млн), Германия (2,42 млн) және Ұлыбритания (1,75 млн) болды. 2025 жылы Қазақстаннан Түркияға 130 мыңнан астам турист келді.
Сонымен қатар, Америка құрлығынан, Орталық Азиядан және Азия-Тынық мұхиты аймағынан келетін туристер саны да айтарлықтай артты.
2024 жылғы БҰҰ Туризм ұйымының дерегіне сәйкес, Түркия әлемдегі төртінші ірі туристік бағыт болып саналады.