Түркия 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы туризм индустриясының қорытындысын жариялады. Осы кезең ішінде елге келген шетелдік қонақтардың саны 50 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,6%-ға өсім көрсетті. Сонымен қатар, туризм секторының кірісі 50 миллиард АҚШ долларын құрап, бұл көрсеткіш былтырғыдан 5,7%-ға жоғарылады.

Ыстанбұлда өткен баспасөз мәслихатында Түркия Республикасының мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой бұл көрсеткіштің ел тарихындағы маңызды белес екенін атап өтті.
«2025 жылдың алғашқы тоғыз айы өңір үшін оңай кезең болған жоқ. Аймақтық қақтығыстар мен жаһандық жылынуға байланысты маусымдық өзгерістер туризмге әсер етті. Соған қарамастан, біздің стратегиямыздың арқасында табысты 5,7 пайызға арттырып, 50 миллиард долларға жеттік. Бұл – үшінші тоқсанда алғаш рет тіркелген рекордтық нәтиже. Жыл соңына дейін 64 миллиард доллар табысқа жетуді жоспарлап отырмыз», – деді Ерсой.

Есепті кезеңде Түркияға келген туристер орта есеппен 10,3 түн тұрақтап, тәулігіне шамамен 103 АҚШ долларын жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары көрсеткіш.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Түркияға ең көп турист жіберген үш ел:
- Ресей Федерациясы – 5,53 млн адам
 - Германия – 5,22 млн адам
 - Ұлыбритания – 3,54 млн адам
 
Айта кетейік, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының (UN Tourism) деректеріне сәйкес, Түркия әлем бойынша кірмелік туризм көлемі жөнінен төртінші орында тұр.



