Түркия: Топырақ астындағы таңғажайыптар
Анадолы – адамзат өркениетінің алтын бесігі. Мыңдаған жылдық шежіресі бар осынау қасиетті өлке шығыс пен батыстың, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір іспетті. Қазіргі таңда Түркияның әр уыс топырағы ашық аспан астындағы алып музейге айналып, көне дәуірлердің жұмбақ сырларын ішіне бүгіп жатыр.
Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі 2023 жылы бастаған «Болашаққа мұра» атты ауқымды жобаның арқасында көмілген қазыналар қайта жарыққа шығып, археология әлемінде тың серпін пайда болды. Әсіресе, 2025 жыл тарихи жаңалықтарға толы ерекше кезең ретінде шежіреге енді: тың олжалар табылып, ежелгі мекендер саяхатшылар үшін бұрынғыдан да тартымды кейіпке енді.
Ендеше, Түркия археологиясындағы соңғы жетістіктер мен таңғажайып жаңалықтарға көз жүгіртейік.

Неолит дәуірінен жеткен үн
Шанлыурфа өңіріндегі «Taş Tepeler» жобасы бес жылдығын атап өткен кезеңде нағыз сенсация сыйлады. Карахантепеде үш жануар бейнеленген шағын ыдыс табылып, аталмыш жәдігер әлемдегі ең көне үш өлшемді мифологиялық көрініс ретінде бағаланды. Сондай-ақ адам жүзі қашалған Т-тәрізді бағана анықталды. Гөбеклитепеде қабырғаға орнатылған адам бейнесі – құрбандық ретінде қойылған нысан, ал Сайбурчтағы аузы «тігілген» марқұм мүсіні ежелгі сенімдер туралы ой салды. Сефертепеден қос беті бар моншақ пен адам жүздері бейнеленген рельефтер табылды.


Троядағы байлық пен биліктің белгісі
Чанаккале маңындағы әйгілі Троя қаласында қазба жұмыстары тоқтаған емес. Кезектегі зерттеу барысында археологтар б.з.д. 2500 жылдарға жататын алтын қапсырма мен сирек кездесетін нефрит тасты тапты. Әлеуметтік мәртебе мен биліктің символы саналған алтын әшекей – әлемде сақталған үш үлгінің ең жақсы күйдегі нұсқасы. Ғалымдар мұндай олжаны соңғы жүз жылдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі деп отыр.

Осман флотының су астындағы тарихы
Мугла провинциясындағы Датча жағалауында орналасқан Кызлан осман кемесінің қалдығы су асты археологиясының інжу-маржанына айналды. XVII ғасырға тән жалғыз белгілі осман кемесінен ондаған мылтық, гранаталар, мыңдаған оқ, дәуірдің темекі түтіктерінің ең ірі топтамасы және Қытай фарфоры табылды. Аталған жаңалық теңіз тарихына қызығатын саяхатшылар үшін ерекше маңызға ие.

4 500 жыл бұрынғы ғибадат белгілері
Күтахьядағы Тавшанлы Хөйүк – Батыс Анадолыдағы қола дәуірінің ірі қоныстарының бірі. Мұнда табылған мәрмәр, сүйек және терракотадан жасалған пұттар ошақ маңына әдейі орналастырылған. Осынау мүсіндер сол заманның діни жоралғыларын түсінуге жол ашады.

Қара теңіз жағасындағы күлімдеген Медуза
Бартының Амасра ауданындағы көне Амастрис қаласында екі мың жылдық стоа қалпына келтіріліп жатыр. Жөндеу барысында сирек кездесетін – жымиған Медуза бейнесі табылды. Әдетте қорқынышты кейіпте суреттелетін мифологиялық кейіпкердің бұл ерекше нұсқасы туристерді таңғалдырмай қоймайды.

Эфестегі Мысыр мәдениетінің ізі табылды
Измирдегі ЮНЕСКО тізіміне енген Эфес қаласында мысырлық Серапис құдайына арналған терракоталық хош иіс ыдысы табылды. Артындағы жазу оның бұрын табылған дәл сондай бұйыммен байланысты екенін көрсетті. Бұл жайт Эфесте арнайы шеберхана болғанын немесе мұндай заттардың тұрақты саудада жүргенін аңғартады.

Караманнан табылған қасиетті нан
Караман аймағындағы Топрактепе (Эйренеполис) қазбаларында VII–VIII ғасырларға жататын бес көмірленген нан табылды. Мальта айқышы мен Иса бейнесі бедерленген осынау өнімдер ерте христиандық рәсімдерде қолданылған болуы мүмкін.

Вандағы алып қойма кешені
Ван қаласының маңындағы Кевенли қамалында урартулықтарға тиесілі 76 үлкен пифос – астық, май және сусын сақтайтын ыдыстар анықталды. Сына жазулары бар маңызды топтама Ванда табылған ең ірі қойма кешені ретінде бағаланып отыр.

Бүгінде аталған тарихи мекендер заманауи туристік инфрақұрылыммен толығып, әлем саяхатшыларын өткенге саяхат жасауға шақырады. Тарихтың тылсым сырларына қанық болғыңыз келсе, Түркияның ашық аспан астындағы музейлері сізді күтеді!



