Түркия Ливия армиясы Бас штабының басшысы мінген ұшақ апатына қатысты тергеуді бастады
Анкарада ұшақ апатына қатысты Бас прокурордың бірінші орынбасары бастаған төрт прокурордан тұратын тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
Хаймана ауданы Кесиккавак ауылы маңындағы таулы аймақта құлаған ұшақ туралы ақпарат түскен соң оқиға орнына жандармерия бөлімшелері, өртке қарсы қызмет бөлімшелері мен медициналық топтар жөнелтілді.
Ауа-райының қолайсыздығы мен жолды лай басып қалғандықтан құтқарушылар оқиға орнына жаяу жетті. Қазір төтенше жағдайлар қызметі апат орнында жұмыс істеп жатыр.
Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч Ливия Бас штабының басшысы генерал-полковник Мұхаммед Әли әл-Хаддад мінген ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты ресми тергеу басталғанын растады.
Оның айтуынша, тергеу жан-жақты және барлық мән-жайды мұқият ескере отырып жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ол NSosyal әлеуметтік желісінде хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, сейсенбі күні кешке Анкарадағы Эсенбога әуежайынан Триполиге бет алған Falcon ұшағы көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған болатын. Мұхаммед Әли әл-Хаддадтың қайтыс болғанын Триполидегі Ливия үкіметінің басшысы растады.
Түрік ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ Анкарадан оңтүстікке қарай шамамен 70 шақырым жерде, Хаймана қаласына жақын аумақта радардан жоғалып кеткен. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая Falcon 50-мен байланыс жергілікті уақыт бойынша сағат 20:52–де үзілгенін мәлімдеді.
Бортта әл-Хаддад пен тағы төрт жолаушы болған.



