Түркия ғарыш кеңістігінде алғаш рет гибридті қозғалтқышты іске қосты

Baykar компаниясының мәлімдеуінше, Түркия мемлекеті әлемде тұңғыш рет ғарыш кеңістігінде гибридті күш қондырғысын пайдалануды сәтті іске асырды.
Fergani Uzay-дың жеке қаражатымен әзірленген FGN-TUG-S01 орбиталық аппараты 6 желтоқсанда негізгі гибридті қозғалтқышты іске қосу арқылы маңызды маневрді орындады. 35 секундқа созылған бұл операция белгіленген жоспарға толық сәйкес өтті.
Компания өкілдері гибридті қозғалтқыштың ғарышта сынақтан өтуі тек Түркияның ғарыш бағдарламасы үшін ғана емес, бүкіл жаһандық индустрия үшін жаңа белес екенін айрықша атап көрсетті.
Сәтті сынақтан кейін буксир миссияның екінші кезеңін – CubeSat шағын серігін (спутнигін) орбитаға бөлуді де ешқандай ақаусыз атқарды.
Fergani Uzay миссияның жетістігі компанияның келешекте құруды жоспарлап отырған «Ұлықбек» жаһандық позициялау жүйесіне қажетті техникалық негізді қалайтынын мәлімдеді. Бұл инфрақұрылым болашақта Түркияға спутниктер топтамасын әртүрлі орбиталарға өз бетінше шығару мүмкіндігін беретін болады.



