Түркия «Чанаккале жеңісінің» 109 жылдығын атап өтуде
Түркия тарихында елеулі орны бар «Чанаккале жеңісіне» 109 жыл толады.
18 наурыз Түркия үшін ерекше күн. Бұл күні бауырлас елде Чанаккале жеңісі аталып өтіп, Отан үшін жанпида еткен ерлер еске алынады. Мемлекеттік мереке кең ауқымда тойланады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ыстанбұлды басып алуды көздеген Антанта одақтастарына қарсы шайқаста 400 мыңға жуық түрік әскері күш біріктіріп, оның 250 мыңы қаза тапты. Әскери-теңіз шайқастарынан нәтиже ала алмаған британдық және француздық сарбаздар 1915 жылы 18 наурызда шегінуге мәжбүр болған. Осы жеңістен кейін Анадолыда ұлт-азаттық күрес жалғасып, 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік басшылығымен Түркия Республикасы құрылды.
Түрік әскерлерінің сұрапыл шайқастағы ерлігі халықтың рухын көтерді. Бұның дәлелі ретінде аты аңызға айналған түрік әскері Сейіт Әли Чабук немесе Сейіт Әли Онбашын атап өтуге болады.
Қатардағы жауынгер Сейіт Онбашы Румели Меджидие фортындағы артиллерияда қызмет еткен. Ұрыс кезінде снаряд ататын тетік бұзылып қалғанда, Сейіт жалғыз өзі 215 кг. снарядты көтеріп алып зеңбірекке орналастырады. Қазақ ақыны Құрал Көмек дәл осы сардар ұлдың қаһармандығын «Сенім жеңісі» деп аталатын поэмасында жырлайды:
«Қалса -дағы
Сиреп сарбаз қатары,
Жүректерде
Жанып жатты от әлі.
Шегінбеді, берілмеді ешкім де,
Олар үшін жалғыз тірек Отаны.
Осындайда
Тағдыр сынар алыпты,
Жеңе алмас
Дұшпан қайсар халықты.
Мұқалмастан мұңаймастан Сейіт тұр,
Зеңбіректің жалғыз оғы қалыпты.
Жалғыз Алла
Жар болды да қолдады,
Отан үшін
Бойда қуат толғаны.
Еңкейді де
Ерен күшпен көтерді,
215 кг бомбаны».
Түрік халқы жыл сайын «Чанаккале жеңісін» аса үлкен құрметпен еске алады.
Айта кетейік, Чанаккале жеңісінің 109 жылдығына орай Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Астанада «Чанаккале жеңісі» атты фото-көрме ұйымдастырады.