Түркия 2024 жылы келетін туристер саны бойынша жаңа рекорд орнатты
2024 жылы Түркияға келетін туристер саны күрт өсіп, 62 миллионнан асты.
Түркия Мәдениет және туризм министрлігі 2024 жылы елге 62,2 миллион турист келіп, 61,1 миллиард доллар табыс әкелгенін хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Түркия 2024 жылы келетін туристер саны бойынша 9,8 пайыз өсімге қол жеткізіп, 62 миллион 269 мың 890 қонақты қабылдады.
«Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 20,3 пайызға жоғары. Осылайша, Түркия 2024 жылдың басында жариялаған 60 миллион турист, сондай-ақ өткен қазанда жаңартқан 61 миллион турист мақсатына жетіп қана қоймай, одан да асып түсті. Сонымен қатар, Түркия 61,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде туризм кірісін тауып, өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға көп табыс тапты. Жалпы алғанда, 2024 жыл Түркияның туризмдегі ең табысты жылы болды», делінген хабарламада.
Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері Түркия үшін негізгі туристік нарықтар болып қала берсе, Америка Құрама Штаттары, Үндістан және Қытай сияқты жаңа нарықтар 2024 жылы айтарлықтай өсім көрсетті.
Ресей, Германия және Ұлыбритания Түркияның ең ірі үш туристік нарығы болып қала берді, ал жаңа нарықтардан келген туристер санының өсімі АҚШ үшін 8,1 пайыз, Қытай үшін 65,1 пайыз және Үндістан үшін 20,7 пайыз болды.
Түркияға келген шетелдік туристер елде орта есеппен 10,7 күн болып, бір туристен түскен орташа табыс 972 АҚШ долларына жетті.
БҰҰ Туризм ұйымының мәліметінше, Түркия 2023 жылы әлемдегі ең көп турист қабылдаған бес елдің қатарына енді.