Конгресс түркі әлемі мен жалпы Еуразияның тарихында маңызды рөл атқарған Жошы ұлысының 800 жылдығына орайластырылған.
Халықаралық іс-шараны Түркі академиясы және ҚР ҒЖБМ Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтымен бірлесе ұйымдастырды. Конгресс түркі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары мен дипломатиялық корпус өкілдерін, сондай-ақ Моңғолия, Корея, Ресей, АҚШ, Аустрия, Болгария және Украинадан келген қатысушылардың басын қосты.
Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев ашылу салтанатында мұндай іс-шара ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, түркі халықтарының тарихына объективті, нақты деректерге негізделген көзқарасты ілгерілетуге ықпал ететінін айтты.
«Тарих — ұлттық бірегейліктің негізі. Алайда біз тарихи фактілердің бұрмалануы бауырлас халықтар арасында да қақтығыстар тудыра алатынын байқай аламыз. Біздің міндетіміз — осындай манипуляциялардың алдын алу және барлық түркі халықтарына түсінікті болатын баяндамалар жасау», — деді Ш. Мұстафаев.
Конгресс барысында түркі халықтарының саяси тарихына және олардың мәдениетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен Шыңғыс хан дәуірі басты тақырып болды.
«Шыңғыс хан кезеңі түркі халықтарының саяси және этникалық тарихына зор ықпал етті. Оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес — бұл сол кезеңдегі ортақ түркі кеңістігіндегі халықтарды жаңа, жаһандану дәуіріне жетелеген кезең болды», — деді академия президенті.
Екі күндік конгресте ғалымдар Шыңғыс хан дәуіріндегі түркі мемлекеттерінің тарихының әртүрлі аспектілері бойынша баяндамалар ұсынды. Қорытынды ретінде қатысушылар ортақ декларация қабылдап, түркі халықтарының мемлекеттік тарихын кешенді және көпжақты зерттеудің маңыздылығын атап өтті.
Құжатта тарих, археология, этнография, түркология және популяциялық генетика сияқты түрлі ғылыми салалар өкілдері арасындағы бірлескен зерттеулерді жандандыру қажеттілігі көрсетілді. Сонымен бірге, Түркі Академиясы конгрессте оқылған баяндамалар жинағын шығарады.