БастыСаясатЭкономика

Түркі мемлекеттері ұйымының ХІ саммитінде 8 түрлі құжатқа қол қойды

Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара сауда айналымы биыл 45 миллиард доллардан асты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «бестіктің» Бішкекте өткен саммитінде осындай мәлімет келтірді. Әрі бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайта түсуге мүмкіндік мол екенін айтты. Ол үшін көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты арттыруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, осы саладағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін ұйымға мүше мемлекеттер тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасауы қажет.

Президент Францияға мемлекеттік сапары аяқтала сала, Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Қырғыз еліне ұшып келді.

Түркі мемлекеттерінің басшылары «Ынтымақ Ордо» ғимаратында бас қосты. Талқылайтын мәселелері Саммиттің тақырыбынан-ақ белгілі – «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік».

«Бестік» басшылары тура бір жыл бұрын Астанада бас қосқан еді.  Ал Бішкектегі алқалы жиын ұйымның 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қ.Тоқаев түркі ұйымы осы аралықта беделді құрылымға айналғанын атап өтті. Әрі еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығын қорытындылап, «TURKTIME!» ұраны көтерілгенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық.

Кейінгі 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түскен. Айталық, биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асыпты. Бұл көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады деді Президент. Ол үшін көлік-логистика саласындағы байланысты тереңдеткен маңызды.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Түркі инвестициялық қоры қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда ерекше рөл атқарып келеді деді. Әрі Орталық банктер кеңесін құру бастамасы бірауыздан құпталғанын жеткізді. Адам капиталын дамыту да аса маңызды міндет.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды.

Президент түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру үшін кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екенін айтты. Саммит соңында тараптар 8 түрлі құжатқа қол қойды.

 

Source
Qazaqstan TV

TuraNews

Back to top button