
Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Мажарстаннан келген делегаттар қатысты. Олар өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін қолда бар әлеуетті толық пайдалану мүмкіндіктерін зерделеді, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Конференцияда мәлім болғандай, былтыр ТМҰ-ға мүше елдердің сыртқы тауар айналымы 850 млрд долларға жетті, оның ішінде аталған көлемнің 7% ұйым мемлекеттерінің үлесінде. Сарапшылар бұл межемен шектеліп қалмау керектігін атап өтті. Ол үшін Түркі елдері көлік-логистикалық кедергілерді жойып, инфрақұрылымды дамытып, сауда саласына цифрлық технологияларды енгізуі тиіс.
— Талдау орталықтары арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесі ынтымақтастық бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Тиісінше, ұйым шеңберінде әріптестікті дамыту жаңа экономикалық бастамаларды іске асыруға негіз болады, — деді Өзбекстанның Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының директоры Обид Хакимов.
Конференция қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің талдау орталықтары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тиісті құжат интеграцияны тереңдетуге және өзара сауданы арттыруға мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды зерделеуге мүмкіндік береді.