Әзербайжанның мәдени астанасы Шуша қаласында тарихи оқиға болды – төрт түркі мемлекеті – Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстанның Ұлттық кәсіподақ орталықтары жаңа бірегей біріккен құрылым – Түркі елдерінің кәсіптік одақ ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Келісімге Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Саттар Мохбалиев, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Türk-İş» Түрік кәсіподақтары конфедерациясының президенті Ергюн Аталай, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Бахтиер Махмадалиев қол қойды.
Қырғызстан ұйымға бақылаушы мәртебесінде қатысады.
Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды біріктіру.
Саттар Мохбалиевтің айтуынша, кәсіподақ ұйымының құрылуы түркі мемлекеттерінің бірігуіне берік негіз қалады.
Түркі халықтарының мақсат-мүддесі бір екендігін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ерекше атап өтті.
«Бізді, бауырлас түркі халықтарының өкілдерін ортақ тарихи тамыр, ортақ мәдениет пен дәстүр, ортақ мақсат пен ортақ мүдде біріктіреді. Түркі елдерінің ортақ мүдделері ғана емес, сан ғасырлық тарихы да ортақ екенін атап өткім келеді. Соңғы отыз жылда түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы табысты дамып, бұл механизмді үкіметаралық ұйымнан (Түркі кеңесі) аймақтық халықаралық ұйымға (ТМБ) дейін жетілдірді», — деді ол.
Алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында С.Дәулеталин алдыңғы қатарлы кәсіподақ тәжірибесін ілгерілетуді, тәжірибе алмасуды және жалпы түркі мемлекеттерінің еңбек нарығындағы жағдайды өзгертуді атады.