Астанада бас қосқан Түркі елдерінің экономикалық саясатты зерттеу орталықтары бірлескен зерттеулер жүргізіп, іс-шаралар өткізу үшін ортақ желі құруға уағдаласты, деп Халықаралық түркі академиясы баспасөз кызметіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Бұл туралы 17-18 ақпанда Түркі академиясы Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырған «Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс және интеграция» атты семинар қортындысында белгілі болды.
Басқосуда түркі елдерін дамытудың басымдықтары және «Turkic World Vision — 2040» (Түркі келешігі – 2040) стратегиясы мақсаттарына сәйкес олардың экономикалық қатынастарын тереңдету жолдары талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар осы тұрғыда түркі елдерінің экономикалық саясатының ресми зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.
Басқосудың ашылу салтанатында Түркі академиясы, Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығы, Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі өкілдері, Астанадағы дипломатиялық миссия жетекшілері және Азиядағы өзара іс-қимыл және Сенім Шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) басшылары құттықтау сөздерін арнап, орамды ойларымен бөлісті.
Атап айтқанда, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев өз сезінде семинардың негізгі мақсаты – өзара ортақ желі құру арқылы экономикалық саясатты зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту екенін атап өтті. Ол түркі елдері экономикасы аясында капиталдың, адамдардың, тауарлар мен қызметтердің кедергісіз ағыны арқылы үлкен интеграцияны қолдау ынтымақтастықтың негізгі жетекші қағидаты болуы керек екеніне тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының Жоба директоры Өзге Пан «Түркі келешегі-2040» стратегиясы мақсаттары туралы хабардар етіп, осы құжатта айқындалған экономикалық тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті.
Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасанов түркі ынтымақтастығы үдерісіндегі жетістіктер туралы айтып, қатысушыларды бірлесіп жұмыс істеуге және экономикалық қатынастарды дамыту, үлкен экономикалық интеграция және түркі әлеміндегі әріптестікті нығайту үшін академиялық және ақпараттық қолдау көрсетуге шақырды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш пен Астанадағы Түркі елдерінің дипломатиялық өкілдері экономикалық саясатты зерттеу орталықтары арасында ынтымақтастық орнату бастамасын құптап, оны қолдауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ержан Әбіш экономикалық саясатты зерттеу орталықтарының серіктестік байланыс орнатуын қолдауға дайын екендігін білдірді.
Семинарға қатысушылар өз елдеріндегі дамудың ұлттық басымдықтарын түсіндірді. Бұдан кейінгі семинар еркін тақырыптар бойынша пікір алысу арқылы жалғасын тапты. Атап айтқанда, а) экономикалық саясатты зерттеу орталықтары үшін ынтымақтастық желісін құру қажеттілігі, ә) ынтымақтастық механизмінің қолайлы түрі және б) ортақ желі шешуі керек негізгі мәселелер әңгіме арқауы болды.
Қатысушылар экономикалық саясатты зерттеу орталықтары еркін қарым-қатынас жасай алатын, тәжірибе алмасатын және бірлескен зерттеулер мен басқа да іс-шаралар жүргізе алатын платформаны әзірлеудің маңыздылығына тоқталды. Олар түркі елдерінің экономикалық қатынастарындағы негізгі тенденцияларды талдауға, проблемаларды анықтауға және одан әрі саясатты қалыптастыруға көмектесетін бірлескен зерттеулер жүргізуге келісті. Үкіметаралық коммерциялық емес ортақ желіні құру туралы шешім қабылданды, оның қызметі «Түркі келешегі – 2040» тұжырымдамасында қойылған экономикалық мақсаттарға сәйкес келуі керек.
Екі күндік ауқымды пікір алысулардан кейін семинарға қатысатын мекемелер экономикалық саясатты зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, олардың ынтымақтастық платформасы экономикалық саясатты зерттеу орталықтарының түркі желісі деп аталуы керек.
Семинарға төменде аталған экономикалық саясатты зерттеу институттары қатысып, өзара ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды: Әзербайжан Республикасының экономикалық реформалар мен коммуникацияларды талдау орталығы, Әзербайжан Республикасы Экономика Министрлігінің экономикалық ғылыми-зерттеу институты, Мажарстанның Сыртқы істер және сауда институты, Қазақстанның экономикалық зерттеулер институты, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты, Түркия Республикасы Сауда Министрлігі жанындағы сауда зерттеулері және тәуекелдерді бағалау Бас басқармасы және Өзбекстан Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы.