БастыДенсаулық

Түркі елдері донорлық органдардың бірыңғай базасын құрады

Түркі мемлекеттері ұйымының денсаулық сақтау министрлері ТМҰ елдерінде трансплантаттау тәжірибесін жетілдіру жөніндегі "Türktransplant" ниет хаттамасына қол қойды.

Құжат негізінде осы елдерде донорларды іздеу және органдарды трансплантациялау операцияларын ұйымдастыруға көмектесетін жалпы ақпараттық жүйе құрастырылады.

TÜRKTRANSPLANT жүйесі қатысушы елдерге донорлар мен реципиенттер туралы ақпарат алмасуға мүмкіндік береді, органдарды трансплантациялау операцияларын ұйымдастыруды жеңілдетеді. Жаңа жүйе донорлық органдардың тез таралуын қамтамасыз етіп, мұқтаж науқастар үшін трансплантацияның қолжетімділігін арттырады. Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері атап өткендей, бұл жаңашылдық медициналық қызмет сапасын арттыруға айтарлықтай әсер етеді.

Хаттама деректермен алмасуды ғана емес, диагностикалық әдістерді стандарттауды және мамандандырылған трансплантация орталықтарын құруды да көздейді. Сондай-ақ қол қойылған келісімде медицина мамандарының біліктілігін арттыруға септігін тигізетін бірлескен оқыту бағдарламалары да қарастырылған.

Жаңа жүйенің негізгі элементтерінің бірі донорлық органдардың ортақ пулын құру болмақ. Бұл шешім сәтті ота санын арттыруға және трансплантацияға мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалуға бағытталған.

TuraNews

Back to top button