БастыСаясатЭкономика

Түркі елдері арасында жүк тасымалдау мерзімі екі есе қысқармақ

Жүк тасымалын дамытатын бірлескен комитет құрылады.

Сенат «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп жазады Kazinform агенттігі.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Амангелді Нұғмановтың айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалы туралы келісімге 2022 жылы 11 қарашада Өзбекстанда Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен 9-саммит аясында қол қойылды.

Келісім мақсаты — әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдету, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту.

«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше-мемлекеттер арасындағы жүк тасымалдау көлемі 35 млн тоннаны құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. 2022 жылы 29 млн тонна болған еді. Бүгінгі таңда көптеген мемлекет үшін ынтымақтастықтың стратегиялық жобасы транскаспийлік халықаралық көлік бағыты болып отыр. Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын бұл көлік артериясы „Белдеу мен жолдың“ континентальды көпіріне айналады, жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетеді», — деді ол.

Сенатордың айтуынша, осы көлік бағытын дамыту мақсатында теміржол, порт инфрақұрылымын жаңғырту және жылжымалы құрам мен сауда флотын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ақтау портында «контейнерлік хаб» салынады. Бұл жоба тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қаралып отырған заң темір жол, су және автомобиль көлігінің заманауи жүйелерін дамытуға, пойыздардың кедендік рәсімдерден өтуін жеделдету үшін алдын ала ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүктерге қатысты цифрлық технологияларды енгізуге ықпал етеді. Келісімнің нормаларына сәйкес Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады. Келісім Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі арттыру үшін алғышарттар жасап, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін береді.», — деді Амангелді Нұғманов.

TuraNews

Back to top button