Рамазан айының құрметіне жайылған дастарқанда бауырлас елдердің дипломаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар бас қосып, рухани бірліктің маңызын талқылады.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың бастамасымен ұйымдастырылған кешке Түркия Сыртқы істер министрінің орынбасары Беррис Экинжи, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев және өзге де түркі республикаларының өкілдері қатысты.
Ифтар дастарқанында қонақтарға 2026 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған Әндіжан қаласынан арнайы әкелінген күріштен дайындалған Түркістан палауы ұсынылды. Сұлтан Раев бұл дәмнің жай ғана ас емес, Ферғананың берекесі мен түркі жұртының ғасырлар бойғы ортақ тарихын бейнелейтін символ екенін атап өтті.
«Біз үшін Рамазан – тек ораза айы ғана емес, ортақ танымымыз бен құндылықтарымызды дәріптейтін мектеп. Бұл шаңырақ – түркі дүниесінің Анкарадағы сөнбес ошағы», – деді ұйым басшысы.
Жиында сөз алған Елші Еркебұлан Сәпиев ТҮРКСОЙ-дың барша түркі баласына ортақ үй екенін тілге тиек етіп, осындай жылы қарым-қатынас пен бауырластық ахуал үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, кеш барысында Түркі әлемінің ортақ әліпбиге көшуі, мәдени ынтымақтастық пен алдағы Наурыз мерекесін мерекелеу жоспарлары сөз болды.
Рухани кеш Құран оқылып, түркі халықтарының өзара тілектестік білдіруімен аяқталды.



