Мәдениет

Түркі Академиясы «Eurasian Book Fair – 2023» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты

Түркі Академиясы 2023 жылдың 19-23 сәуір аралығында Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Eurasian Book Fair – 2023» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты. Аталған шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырды.

Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған Еуразия кеңістігіндегі ең ауқымды кітап көрмесіне Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Түркия және т.б. елдерден 70-тан астам баспалар мен ұйымдар қатысты.

Көрмеде кітап нарығындағы жаңа басылымдар мен әлем әдебиетінің үздік туындылары ұсынылды.

Жиынның ашылу салтанатына қатысқан Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бұл іс-шара еліміздің кітап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік екенін айтты.

Іс-шара барысында танымал блогерлермен кездесулер, әлемдік бестселлерлер мен балалар кітаптарының тұсаукесерлері, балаларға арналған тегін шеберлік сағаттары және викториналар өткізілді.

«Eurasian Book Fair – 2023» кезекті кітап көрме-жәрмеңкесінде Түркі Академиясы өзінің басып шығарған ғылыми және танымдық еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шараның соңғы күні VI Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің Атқарушы дирекциясы «Жылдың үздік кітабы» байқауын жариялап, көрмеге қатысушылардың 2023 жылы басып шығарған жаңа кітаптарын бағалап, бірқатар номинациялар бойынша жеңімпаздарын анықтады.

VI Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің «Жылдың үздік кітабы» байқауында «Мәдениет және өнер» номинациясы бойынша Түркі Академиясы мен Халықаралық Түркі мәдениеті және мирас қорының бірлесіп әзірлеген «Сағымбайдың Манасы» атты еңбек III орынды иеленді.

«Eurasian Book Fair» кітап көрмесі 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні аясында қорытындыланды.

TuraNews

Back to top button