Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен Жетісай ауданы кәсіпкерлерінің VI форумы өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымовпен қатар Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Асланбек Исахов, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры директорының орынбасары Жандос Жолдасбеков, «Kazakh Invest» ҰК Түркістан облысы бойынша аймақтық директоры Мақсат Жолдасбеков, Шымкент қаласы Аграрлық несие корпорациясының директоры Мұхит Жуасбай, Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқарма басшысы Айдос Исмаилов, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ербол Әуелбеков, Түркістан облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Сапаралы Құрбанов қатысқан форумда өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы заңнамалар аясында аудан кәсіпкерлеріне өз бизнестерін қаржыландыру, өндіріске қажетті инфрақұрылымдарын дамыту және мемлекет тарапынан қарастырылған басқа да қолдаулар мен жеңілдіктер түсіндіріліп, сұрақтарға жауаптар берілді. Еркін форматта пікір алмасты.
Ауданда жұмыс істеп тұрған 21 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде бүгінде 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 10 айда кәсіпкерлер тарапынан 26,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтері көрсетілген. 10 айда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 7,8 млрд. теңгеге артқан.
«Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес биылғы жылы көршілес Өзбекстан, Қытай елдерінде болып, кәсіпкерлерімен кездестік. Кәсіпорындарының жұмыстарымен таныстық. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын жобалар бойынша келіссөздер жүргізудеміз. Жоспардағы бірқатар жобаларды жақын күнері жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз», – деді аудан әкімі.
Жетісай қаласындағы резервке алынған 12 гектар жерден шағын өндірістік паркін (технопарк) ұйымдастыру үшін «Turkistan» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен қаржы бөлу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, аталмыш паркте барлық инфрақұрылыммен қамтылған 15 инвестициялық жобанының іске асатынын, ол жерде 200 жаңа жұмыс орнының ашылатынын жеткізді.
Сондай-ақ ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Қарақай, Ж.Ералиев, Мақталы және Қазыбек би ауылдық округтерінің шаруаларын несиелендіру бойынща 1,4 млрд. теңгені құрайтын 230 жоба қаржыландырылған.
Аталмыш шара соңында өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған табысты кәсіпкерлер бірнеше номинация бойынша марапатталса, аудан өнерпаздары форумға қатысушыларға концерттік бағдарламаларын ұсынды.