Түріксой Мұрат Әуезовты ұлықтады
Түркияның астанасы Анкара қаласында Түріксой шаңырағында қазақтың дарынды жазушысы, дипломат, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың 80 жылдығына арналған конференция және “Бірліктелік” кітабының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға Қазақстаннан арнайы келген Мұрат Әуезовтың қызы, тарих ғылымдарының докторы Алуа Әуезова, Мұрат Әуезов атындағы мәдениет орталығының директоры Дияр Қонаев, философ Мүсірқұл Қабылбеков қонақ болды.
Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев ұйымдастырған шарада Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы Проф. Др. Хуля Касапоғлу Ченгель, Еуразия Жазушылар одағының президенті Др. Якуп Өмероғлу да сөз сөйледі.
Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев беташар сөзінде Түріксойдың мәдениетті, өнерді және әдебиетті жоғары бағалайтынын және мұндай шараларды қолдауға тырысатынын айтты. Қазіргі қазақ әдебиетінің маңызды тұлғаларының бірі Мұрат Әуезовты Түріксой шаңырағы астында еске алғандарына назар аударған Раев осындай шаралардың арқасында халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстардың күннен-күнге нығайып келе жатқанын атап көрсеті. «Ұйымымыздың 30 жылдық мерейтойын тойлап жатқан осы күндері белгілі жазушы Мұхтар Әуезовті де ұмытпайық» деді ол.
Мұрат Әуезовтың қазақ пен қырғыз халқының ортақ жазушысы екенін айтқан Раев «Түрік әлемінің ортақ құндылығы – қырғыз жазушы Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқан Мұхтар Әуезов. Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов болса — менің ұстазым. Жазған шығармаларымды түрлі тілдерге аударып, басып шығаруға, таратуға тікелей қолдау көрсетті» деді.
Беташар баяндамалардан кейін Түріксой баспасынан түрік тілінде шыққан Мұрат Әуезовтың кітабының лентасын қию рәсімі өтті.