БастыҚоғам

Түрік отбасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін Анкарадан Астанаға керуенмен келе жатыр

1982 жылғы керуенге айналдырған автобуста өмір сүре бастаған Идил мен Бурак Дуран ерлі-зайыптылары 2 жасар баласымен Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалау үшін Анкарадан Астанаға жол тартады.

Ыстанбұлдық отбасы үйлерін жылжымалы керуенге айналдырып, саяхатқа деген құмарлығын ерекше өмір салтына айналдырды, деп жазады Анадолы

Клиникалық психолог Идил Дуран мен ұста Бурак Дуран Ыстанбұлдағы әдеттегі өмірлерін тастап, 2 жасар баласы Гүнеш Кутлуханмен бірге «Гөчебе» деп атаған керуенде шамамен 9 ай бойы өмір сүріп келеді.

©Анадолу агенттгі

1982 жылғы үлгідегі автобусты керуенге айналдырған Дуран ерлі-зайыптылары «Ораларнерелер» деп аталатын әлеуметтік желідегі парақшасында өмірлері мен саяхаттары туралы жазады.

Биыл 8-13 қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға шақырылған ерлі-зайыптылар шараға қатысу үшін керуенмен жолға шықты.
Сапарын Түркия астанасы Анкара қаласынан бастаған Дурандар шамамен 5 мың 400 шақырымды бағындырып, Астанаға жетеді.

Бурак Дуран Анадолы агенттігінің тілшісіне автобустан керуен жасап, оны баспанаға айналдырғанын және бұл шытырман оқиғасының үш жылға созылғанын айтты.

Көшпенділер ойындарының биыл Қазақстанда өтетінін білгенде: «Көшпенділер» деп атаған автобусымызбен неге алыс сапарға шықпасқа деп ойладық? Әрине, алдымызда ұзақ жол бар. Бұл ойымызды естігендердің бәрі „жындысыңдар ма?“ деп жатыр. 5 мың 400 шақырымды жүріп өту оңай емес. Көлігімізде ақаулар пайда болды, бірақ жолға шығар алдында бәрін жөндеп алдық. Жөндеп жатқан механик шеберлер де Қазақстанға баратынымызды естігенде таң қалды», — дейді Бурак Дуран.

«Ұлымызбен бірге бүкіл Орталық Азияны аралаймыз»

Идил Дуранның айтуынша, олар Түркиядан Грузияға, одан кейін Ресейге өтіп, Татарстан арқылы Қазақстанға жетпек.

«Ұлымызбен бірге бүкіл Орталық Азияны аралаймыз. Осы тұста көзіме жас келіп, біраз толқып тұрмын. Өйткені менің шыққан жерім — Орталық Азия», — дейді Идил.

©Анадолу агенттгі

Идил Дуран автобусты керуенге айналдыру процесін және өз өміріндегі өзгерістерді былай әңгімелейді:

«Үш жылдық дайындықтан кейін Ыстанбұлдағы үйді кілттедік те, трейлерге көштік. Бұрын да біз саяхаттап, жаяу серуендеп, кемпингке баратынбыз. Алайда қазір әлдеқайда ыңғайлы — үйімізден шықпай-ақ елді аралап жүрміз. Екі жасар баламыз әрқашан қасымызда ойнап күліп жүр. Осылайша біз оған еліміздің сұлулығын, жер-жердегі мәдениетті көрсетіп, халықпен қоян-қолтық араластырып, қызық әрі тәрбиелік мәні зор өмірмен таныстырып жатырмыз. Трейлермен саяхаттау — шынымен де тамаша жайлылық сыйлайды. Тоғыз айдан бері сыртта жүрміз, қазір пәтерге кіргенде біртүрлі өкпеміз қысылып, сыймай кетеміз. Бұл біздің баламыз да осылай еркін болып ержетеді деген үміт береді».

©Анадолу агенттгі

Естеріңізге сала кетейік, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 12 күн қалды.

TuraNews

Back to top button